Қырғауыл – сирек кездесетін құс. Орманды алқаптарды мекендейтін қырғауыл еліміздің батыс аймағында да бір кездері болған деседі. Бірақ, соңғы жүз жылдықта тауық тектес құс оңтүстік аймақ-тарға кетіп, сол жақта тұрақтапты. Ал, ақтөбелік кәсіпкер Николай Выходец қырғауылды оңтүстіктен батысқа алып келді. Ол қала маңындағы Кірпішті ауылында қырғауыл өсіретін шағын ферма ашты.
Осыдан елу шақты жыл бұрын Мәртөк ауданында қырғауыл өсіретін шаруашылық ашылған екен. Степан Сотников деген ауыл тұрғыны еліміздің өзге аймақтарынан жүздеген құс алып келіп, оларды көбейтудің жолдарын іздестіреді. Бірақ әртүрлі жағдайларға байланысты шаруашылық көп уақыт өтпей жабылып қалады. Содан кейін мұндай жобаны іске асыру ақтөбелік белгілі кәсіпкер Николай Выходецтің де ойына келеді. Бірақ, кәсіпкер мүмкіндігі болмай біраз уақытқа дейін аталмыш жобаны жүзеге асыра алмайды.
Аңшыларға қажетті қару-жарақ, оқ-дәрі мен балықшы құралдарын сататын ол кейін көркей асырайды. Бірнеше айдан соң құстар жұмыртқа басып, балапан шығарады. Жылы жаққа үйренген қанаттылардың балапандары көп уақыт өтпей-ақ Ақтөбенің қытымыр қысына үйрене бастайды. Құстардың екінші, үшінші буыны облыс климатына әбден бейімделеді. Сондықтан, Николай Выходец қырғауыл тұқымын да аймақтың қытымыр климатына бейімдеуге болатындығын зерттеп, зерделеп алады. Негізі қыс қатты болса, қырғауыл қарды қазып, астына кіріп кетіп, бас сауғалайды. Демек, қырғауылдың біздің аймақты жерсінбеуі мүмкін емес. Бірақ аймақта қасқырды айтпағанда, қарсақ пен түлкінің өзі қысы-жазы құстарды қорек етеді. Сондықтан, қырғауылды далалықта да қорғауға алу қажет. Кәсіпкердің айтуынша, оның негізгі мақсаты – аңшыларды мейірімділікке баулу. Өзінің тәжірибесімен бөліскен ол: «қарапайым үй қояны мен өзге де қолға үйренген аңдардан шағын хайуанаттар бағын аштым. Сол жерге келген аңшылар оларға аса мейіріммен қарап, тіпті, қолдарына қару алғылары келмей қалғандары да болды» дейді. Бірақ, әрине саятшылықтың жөні бір басқа. Ол да тұрғындар үшін ермек, әрі өнер. Кәсіпкердің жеке шаруашылығында көбейген қояндар кейіннен аңшылардың қанжығасын майлады. Біріншіден, қырғауыл сияқты көрікті құсты облыс аумағына тарату үшін, екіншіден, аймақта саятшылық өнердің дамуына қолдау жасау үшін кәсіпкер енді қырғауыл өсіруді қолға алды. «Аңшылар аулайтын жабайы құс түрін көбейткім келеді. Саятшылықты ермек ететін адамдар өздері аулаған аң-құстың етін жегенді ұнатады. Ал, қырғауылдың етінің дәмі ерекше болып келеді. Мысалы, дамыған елдерде мейманханаларда ұсынылатын қырғауыл еті өте қымбат-қа бағаланады» дейді Николай Выходец.
Қырғауылдың алғашқы тобын кәсіпкер шілде айының соңында алып келіпті. Оның әрқайсысы қанша тұратындығын, қай жерден сатып алғандығын ол «бизнес құпиясы» деп жасырып қалды. Барлық жағдай жасап, күтіп баптаған құс өсірушілер 40 жұмыртқа алып, оларды инкубатор арқылы басып шығарады. Мойындары қылқиған сары ауыз балапандар енді 10-15 күнде жұмыртқаны жарып шығуы мүмкін. Тауық тектес құстар қолға асырауға бейімді болып келеді. Төрт уақыт дәнді-дақыл себіліп, жылы жерге орналасты-рылғандықтан, алыстан әкелінген қырғауылдар өздерін далалықта жүргендей сезінетін сияқты. Бір құс аумағы 25 шаршы метр тордың ішінде болады. Тордың биіктігі 5 метрден кем емес. Күн көзіне жылынғанды ұнататын құстар қыста жарық әрі жылы орынға көшіріледі. Олардың еркін қанат қағып, жорғалап жүруіне де жағдай жасалыпты. Өйткені, олар «тауық тектес» құс тұқымына жататындықтан, көбінесе жерде, қар үстінде жорғалап жүргенді ұнатады. Негізі зерттеушілер қырғауылды «дала санитары» деп те атайды. Өйткені, олар көбіне құрт - құмырсқамен қоректенеді. Тіпті, картоптың жауы колорода қоңыздарын жоюшы да осы қырғауыл екен. Кәсіпкер құстың бабын әбден меңгеріп алыпты. Түнде құстардың мазасы болмаса, аз жұмыртқалайды. Олар да кәдімгі отбасылар сияқты өмір сүреді. Әр ұяның құстары болып бөлінеді. Мысалы, бір ұяда 3-4 құстан топтасады. Кәсіпкер осыны ескеріп, алғашқыда 10 ұяға топ-тасқан 40 шақты құс алып келген екен. Ол бұл қарқынмен екі жылдан кейін құс саны өсіп, аңшыларға қырғауыл ату үшін жолдамалар сата алатынын айтады. Осылайша жеке кәсіпкер Николай Выходец үлкен жоба – аймақта саятшылықты дамыту бағытындағы істі өз мойнына алып отыр. Өзге кәсіпкерлердей «мен осындай үлкен жоба ұсынып отырмын. Оған мемлекеттік қолдау керек, қыруар қаражат қажет» деп алақан жайып отырған жоқ. Осы уақытқа дейін дүкен ашып, өзге де кәсіппен айналысып көрген қала тұрғыны бұл істе де кедергілер аз болмайтынын біледі. Музыка саласының маманы Николай Выходец кәсіпкерлікті сонау 1986 жылдары бастап кетті. Бірнеше қызмет ұсынатын кооператив құрып, ақшадан ақша құрауды сол кездері-ақ меңгере бастайды. Кейіннен дүкен ашады. Қазір кәсіпкер дүкенінде аңшылар мен балықшылар құралынан өзге қаладағы мерекелерде атылатын отшашулар да сатылады. Дүкен иесі енді өз тұтынушыларына тағы бір тосын сый ұсынбақ.
Қырғауыл жайлы ел аузында айтылатын аңыз әңгімелер көп. Соның бірінде Парсы патшасы Дарийдің құралайды көзге атқан мерген болғандығы айтылады. Күн ұзаққа сая-тшылық жасап, қасына нөкерлерін ертіп жүретін патшаның негізгі ермегі құс аулау болыпты. Жаумен шайқаста ерен ерлігімен көзге түсетін ер жүрек патша бір күні аңшылықтан шаршап, далалықта қасындағы жауынгерлерімен тәтті ұйқыға батады. Түннің бір уағында ол қырғауылдың қаңқылдаған ащы даусынан селк етіп оянады. Жан-жағына қараса, қалың қол патша түнеген жерге қарай құйындатып шауып келеді екен. Құстың белгі беруімен ерте қамданған қолбасшы жаудан құтылып үлгереді. Осы оқиғадан кейін парсы елінің патшасы қырғауыл «қасиетті құс» деп жариялапты. Шығыс елдерінде әлі күнге дейін сол үрдіс сақталған. Парсылықтар қырғауылды «құс төресі» деп ерекше қорғауға алады. Қырғауыл 80 - ге тарта зиянкес жәндіктің жолын кеседі екен. Олай болса, ауыл шаруашылығы үшін қырғауылдың атқарар рөлі ерекше. Құстар көбіне далалық алқаптарды мекен етеді. Егер сол жерлерде құрт-құмырсқа азая бастаса, олар жаппай басқа өңірге ұшып кетеді. Еуропада жеміс ағаштарына зақымдайтын зиянкестердің көзін жоятын да осы қырғауыл екен. Сондықтан, батыс та қасиетті құстың бағасын біледі. Бүгінгі күні әлемде қырғауыл аулау аңшылық ісіндегі бірден бір бағалы сала. Саятшылық қуғандар қыста қырғауылға тазы салып, оны итпен де аулайды. Кейбір аңшылар ат үстінен тор лақтырады. Мұның өзі қалталылар үшін қар үстіндегі аса бір қызық саятшылық. Кавказ аймағында қырғауыл аулау нағыз «қансонардың» өзі. Аңшылар құс аулауға қар жауған күні таң сәріде шығады екен. Ал, ғалымдар қырғауылдың өзге климатқа тез бейімделетінін зерттеп шығыпты. Демек, кәсіпкер Николай Выходецтің бұл қадамы өзге де кәсіпкерлерге үлгі болуы мүмкін.
Раушан СЕЙСЕНБАЕВА. |