Қазақ отбасындағы әр баланың орны бөлек. Әйтсе де, аз күндік қонақ дейтін қыз баласын ерекше қадір тұтып, сыйлап, құрметтеп өсірген. Қызын жай-қалып тұрған гүлге теңеп, оның мезгілсіз солып, уақытынан бұрын жұлынып қалмауын да ерекше назарда ұстаған. Оң жақтағы бойжеткеннің өз теңін тауып, құтты орнына қонғанша ата-ананың мойнынан міндеті түспеген.
Ата-бабадан жалғасқан тәрбиенің тиегі осы күнге дейін тұғырында. Десек те, ғасыр алмасып, заман өзгерген шақта адамның тәрбиесі де тасада қалып жатқан жоқ. Батыстың жақсысын да жаманын да талғамай «өркениетті мәдениет» деп көзсіз еліктеген жастарымыздың киім киісі де, жүріс-тұрысы да көз алдымызда өзгеріп жатқаны рас. Бүгінгі қыз баланың тәрбиесі туралы әркім әр түрлі пікірде. Ал, бала тәрбиесінің ортасында отырған, тек отырмай соның басы-қасында өзі басшы болып жүрген №26 «Үміт» балалар бақшасының меңгерушісі Ләззат Төкешованың бұл тұрғыда өз айтар ойлары көп.
- Балаға тәрбие отбасында беріледі. Қазір өмірдің өзі солай болып кетті, ата-ананың балаға қарайтын уақыты жоқ,- дейді Ләззат бізбен әңгімесінде. – Кім-кім де нан табудың қамымен жүгіріп жүр. Сол ата-аналардың бар сенері балабақша десем қателеспейтін шығармын. Сондықтан да тәрбиенің нағыз өзегін, ұлттық тәрбиенің құндылықтарын бала санасына осы балабақша қабырғасында сіңіруіміз керек. Бұл отырып алып жиналыс жасаудан не жоғарғы жаққа беретін есеп ретінде емес, әрқайсымыздың қарапайым ісіміз бен сөзімізден бастау алуы тиіс. Өйткені, бала жүрегі нәзік, сезімтал, ол өзіне қараған адамның көз жанарындағы жылудың өзін сезіне алады. Балаға баланың тілімен сөйлеп, көп нәрсенің жақсы, жаман жақтарын ұғындыруға болады.
Балдырғандар ұясының басшысы осылай тіл қат-қанда бала тәрбиесінің басы-қасында жүргендердің барлығы да дәл осылай ойлап, іс қылса ғой деп үміт еттік. Оның бұлайша ой толғайтын жөні де бар екен. Бүгінде білдей бір балабақшаның меңгерушісі болып отырған Ләззат Жұмақанқызы қалада туып, қалада өскен. Бірақ оны қаланың тікбақайы деп айта алмайсыз. Қалалықтар сияқты шүлдірлемей өз тілінде еркін сөйлеп, салт-дәстүрін жетік меңгерген жас басшы өзінің бойындағы бар жақсы қасиеттерді өзінің ата-әжесінен, әке-шешесінен алған тәрбиеден деп таниды.
Әкесі Жұмақан 12 балалы отбасының үлкені. Өсіп-өнген өнегелі шаңыраққа айналған Төлешовтер әулетінен шыққан әр бала бүгінде қоғамның әр саласында жүр. Қай-қайсысы да абыройсыз емес. Қазақта баладан да тәтті болатын немере толқынын бұл шаңырақта біздің кейіпкеріміз Ләззат бастайды. Бала санына шектеу қоймай, әр баланы Алланың сыйы ретінде қабылдаған қазақы отбасында көрген тәлім-тәрбиесі оны көпшілікке кішкентайынан үйреткен.
Жазда ата-әжесіне бар-ған сайын немерелердің басын қосып балабақша жасайтын. «Бастығы» өзі болады да қалғандарының бәрін қамқорлығына алып, қызғыштай қорып жүретін. Сонысын көргенде атасы: «осы қызым бір жерден шығады» дейтін риза болып. Сол мінез өмірлік жол таңдауда да адастырмады. Онжылдықты аяқтағаннан кейін көп ойланып жатпастан Қ.Жұбанов атындағы
Ақтөбе мемлекеттік университетінің бастауышты оқытудың педагогикасы мен методикасы бөліміне оқуға түсті.
Алғашқы еңбек жолын 1997 жылы қаладағы 11 шағын аудандағы балабақшада тәрбиеші болып бас-тады. Ол кезде балабақшаның бәрі жабылып жатты. Амал жоқ мектепке баруға тура келді. Сонда іштей ойға қалатын. Сәбилердің сыңғырлаған бал күлкісі естіліп жататын жылы ұяны сағынатын. Уақыт келе бәрі өз орнына түсті. Бір кездегі жабылып қалған балабақшалар бірінен соң бірі ашылып жатты. Осы кезде Ләззат өзінің сүйікті ісі тәрбиешілікке қайта оралды. Бұл 2000 жыл болатын. Содан бері осы «Үміт» балабақшасында қызметте. Әуелі тәрбиеші, одан кейін әдіскер. Соңғы үш жылдан бері балабақша меңгерушісі. Әрине, айтуға жеңіл болып көрінгенмен бұл жылдардың астарында балаға деген мейірімге оранып төгілген толағай еңбек жатқаны белгілі.
- Қазіргі алдыма қойып отырған ең басты мақсатым осы балабақшаны алдыңғы қатарға көтеру. Ең үлгілі, деңгейі жоғары тәрбие ұясы етіп ұстау. Сол жолда өзім де аянбай еңбек етіп, ұжымымды да сол мақсатқа жұмылдыру,- дейді Ләззат Жұмақанқызы.
Екі бірдей үлбіреген қыздың анасы Ләззат қолы қызметтен қалт еткенде бар уақытын соларға арнайды. Отағасының бабын тауып, қыздарына жақсы тәрбие беруді кейінге қалдыруға болмайтын міндет деп санайды. Оның ойынша әйел адамның бақыты үшін отбасындағы ұйыған тірліктен артық ештеңе керек емес.
- Тәрбие отбасынан бас-талады. Бұрын біздің өзіміз үлкендердің алдында артық сөйлемеу, әдептілік, инабаттылық дегенді санамызға сіңіріп өстік. Тәрбиеміз де солай болды. Солардың сөзін тыңдап, ақылға түйіп отырамыз. Өз замандасың,
достарыңның ортасында сөйлесу бір басқа. Қазір қарап тұрсаңыз, көшеде болсын, қоғамдық орындарда болсын жап-жас қыздар өзінен үлкенмен жарысып сөйлеп жатады. Өзімнің де өсіріп отырғаным қыз бала болған соң олардың ерсі қылықтарын дер уақытында көріп, уақытылы ақыл-кеңес берген жөн деп ойлаймын. Қыз бала жат жұрттық. Ертеңгі күні басқа босағаға барғанда ана тәр-биесін көргендігі ісімен де, сөзімен де, қылығымен де сезіліп тұруға тиісті. Балаға, оның ішінде қыз балаға берілетін отбасындағы тәрбиенің маңызы зор екендігі айтпаса да белгілі. Мәселен, қыз балаға жақсы білім берілгенімен отбасында ата-ана тарапынан оның тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлінбесе еңбектің зая кеткені. Қызға болашақ келін, ана болу үлкен сын. Оған үйде көп істі анасынан үйрену керек. Әр ана қыз бала тәр-биесі алдындағы жауаптылықты сезінуі және адал атқаруы тиіс.
Отбасының ұйытқысы бола жүріп басшылық тізгінді де босатпай ұстап отырған Ләззаттың бойында қазақ қыздарына тән ұяңдық, сыпайылық, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсететін қасиеттерімен қоса батылдық, турашыл, әділ мінез де басым. Сонысынан болар оны ұжымы ерекше құрмет тұтады. Кішілері ақыл-кеңес сұраса, үлкендері ой-пікір бөлісуге дайын.
- Мен өзімді басшымын деп есептеп қарап отыра алмаймын. Күнделікті тәрбиешілермен бірге әр топтағы балалардың қал-жағдайларын біліп, ата-аналармен тілдесіп жүргенім. Олай болмаса тағы болмайды. Тәрбие-шілік сатыдан мен де шыққанмын. Ол жұмыстың қиындығын бәрін де жақсы білемін. Сондықтан оларды түсінуге, білмейтін жерлері болса түсіндіріп, айтып жіберуге дайынмын,- дейді ол.
Өмір болған соң адам баласының басында түрлі жағдайлар болып жатады. Қарамағымдағы кез-келген жан жағдайын айтып келсе оларды мұқият тыңдап, қолдан келгенше көмек беруге дайын тұратын қасиеті атасы Өтемістен жұққанға ұқсайды. «Жақсы қыз – жағадағы құндыз» демекші отбасынан алған өнеге-тәлімін өмірлік ұстанымына айналдырып, өзі басқарған ұжымның шырайын шығарып отырған Ләззат Жұмақанқызының жақы жетіс-тіктері әулетке де мақтаныш.
Ұлт қамын, ұрпақ жайын ойлайтын осындай басшысы бар қаламыздағы №26 «Үміт» балабақшасы ұжымы маңдайалды тәрбие ұясына саналады. Онда үш тілде білім беретін орталық, медициналық сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Олар балалармен жұмыс жүргізудегі қалалық, облыстық бай-қаулардың жүлдегерлері.
Өз ісінің шебері, қоғам өміріне белсене араласып, өскелең ұрпаққа саналы деңгейде білім беріп, өнегелі тәрбие беруде зор үлес қосып келе жатқан Ләззат Жұмақанқызы бастаған ұжымға табыс тіледік.
Ирина Коспағанбетова
irina_kos65@mail.ru